Қазіргі аурухана 1967 жылы 40 төсекті тораптық теміржол ауруханасы ретінде салынған, ал бүгінгі таңда аудандағы халық саны артып, 140 мыңға жетті. Емханада 52 дәрігер мен 107 медбике қызмет етеді.

– Мұнайлы ауданының құрылғанына дейін бұл жерде 2 дәрігерлік амбулатория мен 1 стационар ғана болды. Қазіргі уақытта 7 дәрігерлік амбулатория мен 3 стационар қызмет етеді. Барлығы халыққа 14 медициналық нысан қызмет көрсетеді.

2013 жылы 150 төсекті аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. 4 блоктан тұратын ауруханада перзентхана, хирургиялық, терапевтік, жұқпалы аурулар бөлімі, балалар және қосалқы диагностикалық бөлім қарастырылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты түзетуге жіберілді, шамамен 2017 жылдың мамыр айында дайын болады. Содан кейін оны Денсаулық сақтау министрлігіне тағы да жолдаймыз. Маусым айының соңында бюджет бекітіледі. Осы айдың аяғында құрал-жабдықтардың тізімі келеді, – деді Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев.

– 20-мамырға дейін Маңғыстау ауылынан салынатын 150 төсекті орталық аудандық аурухананың құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіп, мемлекеттік сараптамасын алуға уақыт беремін. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің бекітілуі кезінде «Маңғыстау ауылынан салынатын 150 төсекті орталық аудандық аурухананың құрылысы» жобасын қосуды ұйымдастырсын, – деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Мұнайлы ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 525 қызмет түрі көрсетіледі. Күніне ХҚКО қызметкерлері 500-600 адамды қабылдайды. Уақытша тіркеуден өткізу кезінде күніне 1000 тұрғынға қызмет көрсеткен.