ЭКСПО көрмесі аясында Маңғыстауда өткен іс-шаралар

0

Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Маңғыстау облысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

1000-нан астам адам қатысқан шетелдік және отандық туроператорларға және БАҚ өкілдеріне арналған инфотур өтті. Оған 10 елден 20-дан аса ірі компания қатысты. (Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай, Швейцария, Ресей, Қырғыстан, Өзбекстан).

15 тамыз күні Ақтау қаласында облыстың туризм, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина салаларындағы кәсіпкерлер мен Хайнань провинциясы өкілдерінің қатысуымен казақ-қытай форумы өтті. Форум аясында Маңғыстау облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Хайнань қаласының сауда-саттықты көтермелеу жөніндегі халықаралық комитеті арасында меморандумға қол қойылды.

Ақтауда халықаралық МАРИНС парустық регата сайысы ұйымдастырылып, оған Ресей, Украина, Израиль және Қазақстан елдерінен барлығы 60 команда қатысты.

«Экологиялық теңіз туризмі және Каспий теңізі экологиясының сақталуы – болашақтың кепілі» атты экологиялық халықаралық семинар өтті. Оған депутаттар, экология саласындағы қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері және студенттер қатысты.

ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Nomad Explorer командасының бастамасымен М.Сейсембаевтың басшылығымен «Үстірт құпиясы» атты автоэкспедиция ұйымдастырылды. Экспедицияның басты мақсаты – Қазақстанның ішкі туризмін дамыту болды. Шараға елімізден ғана емес шетелдерден (Вьетнам, Польша, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей және т.б.) де барлығы 250-ден астам адам қатысты.