Мәслихаттарға сайлау

0

Шығып қалған мәслихаттар депутаттарының орнына сайлау өткізуге байланысты сайлау комиссиялары 2017 жылдың 29 қазанына тағайындалған сайлау өткізудің бекітілген негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес өз жұмыстарын жүргізуде.

Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес 3 облыстық, 1 Жаңаөзен қалалық, 1 Қарақия аудандық және 1 Мұнайлы аудандық депутаттарының сайлаулары өткізіледі.

Үстіміздегі жылдың 29 тамызы мен 5 қыркүйегінде облыстық “Маңғыстау” және “Огни Мангистау” газеттерінде облыстың тиісті аудан және қала әкімдерінің аумақтық сайлау комиссияларымен бірлескен аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының орны мен құрамдары жөнінде және учаскелік сайлау комиссияларының шекаралы туралы хабарламалары жарияланды.

2017 жылдың 15 қыркүйегінде облыстық сайлау комиссиясы қалалық, аудандық,  округтік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларымен семинар – кеңес өткізді. Семинар – кеңесте сайлауға дайындық  мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, округтер мен сайлау учаскелерінің құрамдарын оқыту, депутаттыққа ұсынылатын кандидаттарға түсінік беру, заңға сәйкестігін тексеру, кандидаттарды тіркеу, тағы басқа сайлауға дайындық пен өткізуге қатысты маңызды мәселелерге көңіл бөлінді.

29 қыркүйекте маслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды.

Барлығы 22 адам ұсынылды, олардың 3-еуі оз өтініштерін қайтып алды. Округтік сайлау комиссиялары ұсынылған 18 адамды депутаттыққа кандидат ретінде тіркеді, бір кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталуда. Тіркелген 18 депутаттыққа кандидаттардың 12-сі өзін-өзі ұсынған болса, алтауы “Нұр Отан” партиясынан ұсынылды.

Кандидаттарды тіркеу 3 қазан күні аяқталады.

2017 жылдың 4 қазанынан бастап мәслихаттар депутаттығына кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кіріседі. Үгіт-насихат жұмыстары 27 қазан күні сағат 24.00-де аяқталады. Аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлауды дайындау және өткізу мерзімінде өз аумақтарында сайлау заңнамасының бұзылмауын қадағалайды. Бүгінді ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.

Аудандар мен қалалар әкімдері сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімдерін нақтылау үшін дауыс беруге 20 күннен кешіктірмей табыстайды. Өз кезегінде учаскелік сайлау комиссиялары нақтыланған сайлаушылар тізімдерін 2017 жылдың 13 қазанына сайлаушыларға танысу үшін ұсынады.

Дауыс беруге 10 күн қалған мерзімнен кешіктірілмей сайлаушылар дауыс берудің өтетін уақыты мен орны туралы хабардар етіледі.